Қысқасы, екеуміз сол күніақ еліктің кішілеу еркегін құрығымызға түсіріп, мәз болып қайттық. Кейін «Тұран» телеарнасына бір лицензия алып, түсіру тобымен Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының «Сұлутөр» аңшылық шаруашылығы атты таулы жерге аттың басын тіредік. Мұндағы адам бізді жайғастырып, оңтүстікке лайықты жылы шырайымен ақ дастарқанын жайып қарсы алды. Ендігі мәселе – аттың жетпеуі. Қазақ баласы болған соң, ат үстінде жүріп аңға шығуды саятшылықтан артық көремін. Амал қанша?! Менің Жаяу Мұсадай жаяу жүруіме тура келді. Айтпақшы, бұл сөйлемді ақынның қылығын кекету үшін емес, есімін еске алу үшін жазып қойдым.

Білгенге маржан, білмеске арзан

Қазақ елінің тамылжыған табиғаты ерекше ғой, шіркін! Баяғыда ата-бабамыз шекарасын ат тұяғымен сызып, білегінің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған. Оның себебін осындай керемет жерге келген кезде түсінетініміз рас. Әсіресе, кейбіреулердің ойлау қабілеті қолындағы смартфонының айтарымен шектелетін болса, осы жерді көзбен көріп, аң-құстарының құйқылжыған дауысын құлағымен естігені абзал. Ақыл айтатын үлкен кісілер де ада болып барады. Смартфон бетінен басқа түк білмейтін бейшара адамдарды шынымен аяп отырмын.

Ал егер аңшылығыма оралсақ, ең бірінші күні өзіме қатты ұнайтын еліктің текесін кездестіре алмадым. Сайда 10-ға жуық елік жүрген болатын. Бірақ арасындағы текесін қанағат тұтпай, жолдастарыммен төмендегі тамға түсіп кеттік. Келесі күні ерте тұрып, «Мақбел» атты сайға аттандық. Ол жақтағы аңдар сан алуан. Борсықты да, жайраны да тау етегінен көрдік. Қоқылдаған кеклік те шыбындай аяқ астында өріп жүр. Қырға шыққан соң таң атып, дүрбіден қарасақ, еліктер қылаң ете бастады. Топ-тобымен ойнақтап жүрген еліктерді тамашалау – бір ғанибет! Теріскей бетінде 5 елік, күнгей бетінде 2 еліктің ешкісін шыбышымен байқап қалдым. Күн шыққан соң арша арасына дүрбіні салып қарап отырған кезде мүйізі аппақ, кәрі елік көрінді. Әншейінде алыстан мүйізі көрінбейтін елікті байқап қойғаныма осы күнге дейін аң-таңмын. Сыр бермейтін немістің қашықтық өлшеуіші 776 метр аралығын көрсетті. Оқырманға түсіндіріп өтейін: арақашықтық 400 метрден артық болса, 8-10 есе жақындатып, үлкейтіп көрсететін дүрбіден ол еліктің еркек не ұрғашы екенін көру мүмкін емес. Себебі алыс қашықтықтан еліктің мүйізін көру – күрделі мәселе. Мүмкін, маған әлгі еліктің ақ мүйізі күнге шағылысып, көрінген болар.

Осы еліктің соңына түсемін деп ұйғардым. Қасқыр сияқты өзек-өзекке түсіп, оның көзіне көрінбей жоғары шығып, жақындай бастадық. Жолдастарым асықпай жүргендіктен, оларды біраз күттім. Олар жеткенше теке жатып та үлгерді. Қап, соны білгенімде діттеген жерге жылдам жетіп барар едім. Әлбетте, жайылып тұрған елікті көз алдыңнан таса қылуға болмайды. Өйткені үркіп қашатын болса немесе жайылып басқа жерге жатып қалса, көзден ұшады. Дегенмен жолдастарым байқатпай келді. Ал енді осы жерден жақсы түсірілім болады деген үмітпен түсірілім тобының мүшесі камерасын штативіне қондыра бастады. Аталмыш жерге шыға бастадым. Сол кезде елік бізді сезіп қалған сияқты. Себебі жайлы жатқан жерінен тұрып, келесі сайға өтіп кетті. Ол жерде біз көрмеген тағы 2 теке шықты. Ол екеуін көріп, тынышталып қалды. Үлкенірек біреуі алдынан шығып сүзе бастады. Ол – мен ұнатқан еліктен біршама пәс. Ендігі қашықтық – 480 метр.

Жай күндері мүмкіндігім болса да, ондай алыстан елікті көздемес едім. Қасымда осы істің майталманы болған соң және «Тұран» телеарнасының режиссері арнайы келіп тұрғаннан кейін тәуекелге бел будым. Жақсылап көздеп, мылтықтың шүріппесін бастым. Дүрбіден еліктің секіргені көрінді. Одан кейін «сып» деп оқ тиген дауыс құлаққа жетті. Еліктің ақсаңдап тоқтағанын көрген соң, тағы бір рет оқ аттым. Осы атқаннан кейін ол тапжылмастан құлады. Аңның тез қиналмай ажал құшуы және қалың бадал ішіне кіріп көз алдымыздан жоғалып кетпеуі үшін екінші рет оқты оған жұмсауыма тура келді.

Әрқашан атылған аңға жету, оны таудан түсіру – қиын шаруа. Оны таудан түсірген кезімде бір сүрініп, бір құлап, өзім жеңіл жарақат алып, елік мүйізінің ұшын сындырып алдым. Аңшылыққа шыққан кезде келетін қауіп пен залалды есте сақтау абзал. Дегенмен аман-есен ойлаған ісімді соңына дейін жеткізгеніме көңілім марқайып отыр. Қалғаны оңай шаруа. Себебі қиналып ет жеген қазақ баласын көзім көрген емес!

 

Фото: автор архивінен

keyboard_backspace
arrow_right_alt

Поделиться:

Ваш комментарий:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *